М. Әуезов атындағы ОҚМУ КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1943 жыл 19 маусымдағы № 679 қаулысы негізінде Орта Азия және Қазақстанда алғаш рет, Шымкент қаласында құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкциялары өндірісі саласына жоғары білімді мамандарды дайындауды қамтамасыз ететін құрылыс бағытындағы «Құрылыс материалдары технологиялық институты» ретінде құрылды.
2012 жылы «Құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкцияларының технологиясы» кафедрасының құрылғанына 55 жыл толды. Құралмалы темірбетон өндірісінің қарқынды дамуы мен осы бағыттағы ғылыми зерттеулердің жан-жақты дамуы, ғылыми-зерттеу және жобалау институттары мен өндіріс орындарын жоғары білікті кадрлармен және инженер-техникалық мамандармен қамтамасыз ету міндетін қойды. Осы бағыттағы инженерлерді әлем практикасында алғаш рет 1946 жылдан бастап Мәскеу инженерлік-құрылыс институтында дайындай бастаған, ал 1957 жылы Қазақстанда алғаш рет құрылысшы-инженер-технологтарды дайындайтын «Құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» кафедрасы ұйымдастырылып, 1959 жылдың өзінде 20 инженер дайындалды.
«Құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкцияларының технологиясы» кафедрасының қалыптасуына, материалдық жабдықталуына, оқытушылардың педагогикалық тәжірибесінің артуына әр кезеңдерде жұмыс істеген кафедра меңгерушілері: т.ғ.к., доцент А.А. Хомутов, т.ғ.к., доцент А.М. Зинкиннің және кейінгі меңгерушілер т.ғ.к., доцент Н.Н. Комарова, т.ғ.к., профессор З.Ш. Шарафиева, т.ғ.к., доцент А.Л. Глуховеров, т.ғ.д., профессор Ю.А. Мамонтов, т.ғ.д., профессор А.Р. Ахметов, т.ғ.д., доцент А.А. Исмаилов, т.ғ.к., доцент К.С. Байболов, т.ғ.к., доцент Э.Н. Қалшабековалардан бастау алатын қалыптасқан педагогикалық дәстүрлер ерекше әсер етті.
Нарықтық экономикаға көшу кезеңінде кафедра болашақ кадрлардың жоғары кәсіптік деңгейін қалыптастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін педагогикалық құрамды және материалдық-техникалық базаны сақтап қалды.
Жеке оқытушылардың ғылыми біліктілігі мен оқу-әдістемелік деңгейі, олардың КСРО бетон және темірбетон бойынша Ұлттық комитеті жұмысшы тобының мүшесі болуға (Сузев Н.А., Мамонтов Ю.А.), құрылыс мамандықтары бойынша Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің құрамына енуге (Исмаилов А.А., Сузев Н.А., Қалшабекова Э.Н. Көпжасаров Б.Т., Мамыркулов М.Ы.), докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау кеңестерінің мүшесі болуға (Ахметов А.Р., Исмаилов А.А., Искаков Т.У.), Қазақстан ЖОО «Құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» мамандығы білім беру мазмұны бойынша ҚР БжҒМ эксперттері болуға (Сузев Н.А., Қалшабекова Э.Н.) мүмкіндік берді.